Қытайдан келген 91 жастағы әже азаматтық алды

03 Қаңтар, 2021

Камал Қаһарманқызы 1929 жылы қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жыланды ауылында туған. Әкесі Қаһарман, шешесі Шәрбану. Ел ішіндегі аумалы-төкпелі заманда 1932 жылы 5 жасында ата-анасымен Қытай Халық Республикасына қоныс аударыпты. Ата-анасы Қытай елінің Бұратала облысы, Арасан ауданында тұрып, ауыл-шарушылығы саласында қызмет істейді. 1947 жылы Тегісбай Ыбырайымұлына тұрмысқа шығады.

«Бала бауыр етің» дегендей 4 ұл, 5 қызынан 40 астам немере-шөбере көріпті. Тағдыр жазуымен атажұрттан алыс кеткен анамыздың арманы елге оралу болыпты.

Қазақ еліне алғаш рет жолдасы Тегісбай Ыбырайымұлымен 2004 жылы келіпті. 2006 жылы отағасы өмірден өтіп, елге келуіне қиындық туады. Араға жылдар салып отбасымен елге көшіп келеді. Осы тұста Камал әже құжат жасату жағынан қиындыққа ұшырайды. Себебі елімізде шетелден келген азаматтарға құжат жасатудың өзіндік тәртібі бар. Атап айтсақ, туу туралы куәлік болуы және паспортта тегі көрсетілуі керек. Осы екі себеппен біраз уақыт құжатын жасата алмайды.

Осы орайда «Отандастар қоры» Камал әженің мәселесін қолға алып, тиісті мекемелердің көмегімен азаматтық куәлігін алып берді. Ғасырға жуық жасаған әжеміздің алғысын алып, қандастарға қол ұшын созған барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз.

 

«Отандастар қоры» КеАҚ Баспасөз қызметі

Қосымша ақпарат бойынша: 87014703033       

Қытайдан келген 91 жастағы әже азаматтық алды