ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ

29 Желтоқсан, 2021

Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясатының тұжырымдамасына сәйкес адам құқықтары, гуманитарлық дипломатия салаларындағы басымдықтардың бірі ‒ шет елдердегі қазақ қауымдары жинақы тұратын жерлерде қазақ тілі мен мәдениетін дамытуды, олардың тарихи отанымен, сондай-ақ дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» КеАҚ желісі бойынша байланысын қолдау болып табылады.

Шетелде тұратын этникалық қазақтар, оның ішінде тарихи және этникалық отанына көшуге ниет білдіргендер қолданыстағы заңнама бойынша «қандас» мәртебесін алғанға дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің нысаналы тобы болып табылады.

Заңдық тұрғыдан алғанда, қандас ‒ бұл Қазақстанға тұрақты тұруға көшуге шешім қабылдаған және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу процесінде жүрген шетелдік қазақтарға беретін мәртебе. Осылайша, «қандас» ‒ Қазақстан Республикасының азаматтығын түпкілікті алғанға дейінгі аралық жағдай. Осы ретте, біздің ойымызша, шетелде тұратын қазақтарға қатысты «қандас» терминін қолдануға жол беруге болады.

Анықтама үшін:

▪ Қазақстан Республикасы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының (бұдан әрі ‒ Заң) 1-тарауындағы 1-бабының 13-тармағында былай делінген:  

«Қандас ‒ бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері».

Мақсаты: Шетелдегі қазақ қауымдарын біріктіру.

Қазақстанға ерікті түрде қоныс аударғысы келетін шетелдік қазақтармен өзара іс-қимылдың және ҚР Сыртқы істер министрлігінің құзыреті шеңберінде «Отандастар қоры» КеАҚ қызметінің тиімділігін арттыру.

Шетелдегі қазақ қауымдарының жинақы тұратын жерлерінде қазақ тілі мен мәдениетін дамыту және тарихи отанымен байланысын қолдау саласындағы барлық іс-шараларды беру арқылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің шетелдік ведомстволарына бағынысты ұйымдар ретінде шетелдегі Мәдени-іскерлік үйлері платформасының желісін кеңейту.

Қазіргі уақытта 6 Мәдени-іскерлік үй шетелде ‒ Омбы (Ресей Федерациясы), Ыстамбұл (Түркия), Ташкент (Өзбекстан), Берлин (Германия) және Киев (Украина), Бішкек (Қырғызстан) қалаларында ашылды.

Міндеттері:

  • Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі месседждерін тираждау мақсатында ұйымның қатарына жастарды, қоғам қайраткерлерін, блогерлер мен өз қызметі саласында белгілі бір жетістіктерге жеткен тұлғаларды тарту;
  • Қазақстанның жетістіктерін шетелде танымал ету;
  • шетелдегі қазақ қоғамдастығы өкілдерінің репатрианттық әлеуетін арттыру;
  • шетелде тұратын репатрианттар мен отандастарды мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері туралы хабардар ету;
  • бизнес-қоғамдастықты шетелде тұратын қандастар мен отандастарды қолдау саласындағы меценаттыққа ынталандыру;  
  • шет елдердегі қазақ қоғамдастығы өкілдерінің ана тілі мен ұлттық бірегейлігін сақтау үшін жағдайлар жасау;
  • талдау және зерттеу іс-шараларын жүргізу.

1. Шетелдік қазақтардың этникалық сәйкестілік және мәдени-гуманитарлық қолдау мәселелері:

  1. жаһандық қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тұрудың заманауи және тиімді моделі ретінде ұлттық бірегейлікті нығайту;
  2. Қазақстан мен шетелдегі қазақтарының мәдени дәстүрлерін біріктіру негізінде ұлттық мәдениетті байыту;
  3. ұлттық жадыны сақтау, заманауи қазақстандық мәдениетті жаһандық әлемге таныту;
  4. Қоғамның жарғылық қызметі шеңберінде Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, көші-қон, ерікті қоныс аудару мәселелері бойынша халықаралық және/немесе шетелдік ұйымдармен, шетелдік мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, тәжірибе алмасу және т.б.;
  5. Қазақстан өңірлері мен шекаралас аумақтарының мәдениеттерін біртұтас рухани кеңістікке жақындату, мәдени хабтар құру;
  6. қазақтың ұлттық субмәдениеттеріне ‒ музыка мектептеріне, әдеби-поэтикалық бағыттарға, дәстүрлі ән орындаушылыққа, қолөнер және өнер дәстүрлеріне тиесілі жоғалған байланыстарды жаңғырту;
  7. шетелде тұратын отандастарға Қазақ ұлттық мәдени орталықтарының жұмысын ұйымдастыруға және оларды материалдық-техникалық жарақтандыруға қолдау көрсету;
  8. қазақ мәдени орталықтарының кітапхана қорларын анықтамалық, ғылыми, көркем әдебиеттермен және оқу-әдістемелік құралдармен жинақтау;
  9. шетелдегі қазақ халқының тарихи-мәдени мұра объектілерін зерделеу және сақтау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысу;
  10. шетелдегі отандастар арасында қазақ мәдениетін танымал ету және ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға жәрдемдесу жөніндегі қызметті қамтамасыз ету, жақын және алыс шет елдерде мәдени және өзге де іс-шараларды (фестивальдар, концерттер, спорттық іс-шаралар, көрмелер, конкурстар, олимпиадалар және т.б.) ұйымдастыру және өткізу.

2. Шетелдік қазақ жастары және Қазақстанның білім беру саласындағы басымдықтары.

Мақсаты. Шетелдегі қазақтардың болашағы үшін шетел қазақтарының өскелең ұрпағын шоғырландыру, қазақ тілі мәселелері, Қазақстанның білім беру бағдарламаларына тарту бойынша бастамаларды қолдау, жастарды Қазақстанның мәдени-рухани кеңістігіне тарту бойынша қызметті кеңейту маңызды мәнге ие.

Міндеттері: Қазақтар жинақы тұратын өңірлерде (Қытай, Ресей, Моңғолия) шетелдегі қазақ ұлттық мектептерінің жабылу үрдісін, қазақ тілі сабақтарының оқу бағдарламаларынан шығарылуын ескере отырып, шетел қазақтарының жастары үшін қазақ тарихын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, мінез-құлық стереотиптерін танымал ету бойынша білім беру орталықтары мен тілдік бағдарламалар, қазақ тілін оқыту орталықтарын ашуды көздеу қажет.

Шетелде тұратын этникалық қазақтарды Қазақстанның білім беру жобаларына тартудың жаңа тәсілдері мен әдістері.

Этникалық қазақтарға арналған жаңа білім беру стратегиясы:

  1. этникалық қазақтар үшін ҰБТ-ны барынша жеңілдету немесе жою;
  2. дайындық курстарын тіл курстарына қайта бейіндеу;
  3. Болон процесі және Академиялық ұтқырлық стипендиялық бағдарламасы бойынша этникалық қазақтар үшін жеке квота бөлу. Үкіметаралық гранттар бойынша этникалық қазақтарды барынша тарту;
  4. шетелде қазақ тілінің офлайн сыныптарының ашылуы. Телевизиялық нұсқаны Qazaq TV-де көрсету (120 елдің аудиториясы). «Абай институты» қазақ тілін оқыту интернет порталының жұмысын күшейту;
  5. қазақ мектептері сақталған елдерге (Өзбекстан, Моңғолия) ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан әдістемелік және ғылыми қолдау көрсету, сондай-ақ РФ аумағында қазақ тілін ілгерілету бойынша білім беру ұйымдарымен жұмысты күшейту;
  6. этникалық қазақтардың балалары үшін, Қазақстанның тарихи-мәдени орындары бойынша танымдық турларды ұйымдастыру үшін Қазақстандағы балалар лагерьлеріне квоталарды елеулі ұлғайту;
  7. онлайн форматта қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, балалар әдебиеті бойынша шетелдегі қазақ қауымының тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, әмбебап кітаптар әзірлеу (қазіргі уақытта қазақ тілі бойынша әмбебап кітап жасау процесі жүріп жатыр);
  8. этникалық қазақтардың жас ұрпағын Қазақстандағы жастар жобаларына, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға қызмет көрсету жөніндегі жұмысқа тарту;
  9. этникалық қазақтар арасынан педагогтар мен ғылыми қайраткерлер қауымдастығын құру, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу және басқалар.

3. Шетелдегі қазақ қауымдары және Қазақстанның имидждік тартымдылығын арттыру ‒ ақпараттық-консультациялық қамтамасыз ету мәселелері.

Шетелдегі қазақтардың шамамен саны 5-7 млн.адам. Бұл ел ішінде де, шетелде де әлсіз пайдаланылатын зор әлеует.

Бұл жағдай, ең алдымен, Қазақстанның шетелдік қазақтар арасындағы жетістіктері туралы ақпараттық жұмыстың әлсіздігіне және оның ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстанда болу мәселелері бойынша ақпараттық-консультациялық қамтамасыз ету, этникалық қазақтардың тарихи және этникалық Отанына ерікті түрде қоныс аударуын мемлекеттік қолдау шаралары және өзге де ұлттық әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламалар бойынша нысаналы жұмыстың болмауына негізделген.

Мақсаты:

Әлеуметтік-экономикалық даму, шетелде тұратын этникалық қазақтардың ерікті қоныс аударуы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, сондай-ақ Қазақстанның жалпы жетістіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру.

Міндеттері:

  1. Қазақстан Республикасының шет елдердегі Елшіліктерімен және Консулдықтарымен бірлесіп көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
  2. қандастар қабылдау бойынша өңірлік квоталарды бөлу шеңберінде ҚР Үкіметі және өзге де мемлекеттік бағдарламалар айқындаған қоныс аудару шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру;
  3. Қазақстан Республикасының түрлі салалардағы жетістіктері туралы ақпаратты жан-жақты тарату;
  4. шетелде тұратын отандастар үшін ақпарат таратудың әртүрлі оңтайлы тәсілдерін пысықтау және қолдану;
  5. шетелдегі этникалық қазақтар қатарынан әлеуетті репатрианттардың бірыңғай болжамды деректер базасын қалыптастыру;
  6. Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік, аумақтық-географиялық тартымдылығын ілгерілету бойынша имидждік жобаларды әзірлеу және іске асыру;
  7. репатрианттардың өздері келген елдерде Қазақстан заңнамасын, әліпбиді, тілді және басқа да талаптарды зерделеуі үшін жағдайлар жасау негізінде этникалық көші-қонның тиімді жүйесін қалыптастыру;
  8. Қазақстанда іске асырылатын барлық мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық құжаттарды қамтитын шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін ақпараттық материалдар әзірлеу;
  9. әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын «El-Aqparat» шетелдегі қазақ жастары блогерлерінің клубын құру;
  10. Қазақстанға шетелден қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтар үшін ақпараттық-құқықтық жұмысты ұйымдастыру бойынша «Ұлы көш» жобасына бастамашылық ету;
  11. шетелдегі этникалық қазақтар үшін «Байланыс орталығы» жобасын ұйымдастыру.

4. Зерттеу-талдау жұмысы

Мақсаты: Шетелдегі қазақтардың және елге келген репатрианттармен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты талдау, жоспарлау және болжау мәселелері бойынша деректер банкін қалыптастыру.

Атап айтқанда, демографиялық көрсеткіштер, шетелдік қазақтардың жалпы саны, қазақ тілінің жай-күйі, этникалық ерекшелікті сақтау, мәдениет, білім, көші-қон әлеуеті және т.б. туралы. Шетелдік қазақтарды қолдау саясатын елде түсінбеушілік пен қабылдамауды тудыратын және тиімді мемлекеттік саясатты жүргізуге кедергі келтіретін мәселелер кешенін еңсеру.

Міндеттері:

  1. шетелдегі отандастармен және елге келген репатрианттармен өзара іс-қимыл саласында ғылыми және зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және жүргізуді күшейту;
  2. шетелде тұратын қазақтармен өзара іс-қимыл саласындағы тиімділікті арттыру мәселелері бойынша мемлекеттік және өзге де уәкілетті органдар мен ұйымдар үшін ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
  3. мемлекеттік ғылыми-зерттеу бағдарламаларының, конкурстардың, осы саладағы гранттардың санын ұлғайту;
  4. саладағы көркем, ғылыми, танымдық әдебиетті және өзге де ақпараттық материалдарды басып шығаруға жәрдемдесу болып табылады.
ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ