Танымал қандасымыз «Отандастар қоры» КеАҚ президентінің кеңесшісі атанды

Белгілі қоғам қайраткері, кәсіпкер қандасымыз Рақым Айыпұлы «Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

Ол Қытайдың Іле-Қазақ автономиялы өлкесінің Аралтөбе ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Пекиндегі Орталық Ұлттар институтын, тіл және әдебиет мамандығы бойынша бітірген. Шыңжаң Радиосында әдеби редактор,Құлжадағы қазақ тілді телеарнаның бас редакторы қызметтерін атқарады.

Атамекенге Қытайдан алғашқылардың бірі болып, 1993 жылы отбасымен көшіп келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетінде қызмет атқарды.

Рақым Айыпұлы қандастарға қатысты әлеуметтік,экономикалық және көші-қон мәселелерін жан-жақты білетін, оларды шешудің жолдарын қоғам талқысына ұсынып келе жатқан танымал тұлға.
90-жылдары әлемдегі тарыдай шашыраған қандастарды елге қайтаруға ерекше серпін берген қазақ тілінде тұңғыш жазылған «Көші-қон» туралы заңды дайындаған жұмыс тобының белсенді мүшесі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмысына да атсалысты.

Атажұртта да қаламгерлік қызметін жалғастырып, «Қазақ Елі» және «Түркістан» газеттерінде тілші ретінде жұмыс істеді. 2009 жылы қандастарға жан-жақты қолдау көрсететін «Жебеу» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етті.

Рақым Айыпұлы заң ғылымдарының магистрі, 200-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. 2013 жылы «Ата жұртты бетке алып көш келеді» атты кітабы жарық көрді.

«Отандастар қоры» жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде елдегі және шетелдегі қандастардың өзекті мәселелерін көтеріп, шешуге ерекше үлес қосып келеді.

Ол жаңа қызметі барысында да қордың жұмысын жетілдіре түсуге,қандастар түйткілдерін қоғам талқысына ұсынып, заңдар арқылы оңтайлы реттеуге тікелей ықпал ететін болады.

25 Желтоқсан, 2020

Кері байланыс

Записаться