Ташкент қаласында этникалық қазақтармен және отандастармен кездесуі өтті

21 Қыркүйек, 2021

Бағзыдан бауырлас, тарихы тамырлас тату көршіміз Өзбекстан астанасы Ташкентте «Отандастар Қоры» КЕАҚ Шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің бас менеджері Серік Абдуалиев қоңсы елдегі республикалық, облыстық және аудандық қазақ ұлттық мәдени орталығының жетекшілерімен келелі кеңес құрып, кездесу жиынын өткізді. Кездесу барысында Өзбекстандағы қазақ диаспорасына қатысты мәні зор мәселелер екжей-текжейлі талқыланып, ортақ ой-пікірлер ортаға салынды.

Өзбекстан республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығының таяуда қайта сайланған төрағасы Серікбай Үсенов бүгінде өткір тұрған өзекті мәселелердің бірі ретінде былтыр орталық жанынан  ашылған «Абай үйі» мәдени іскерлік үйінің материалдық-техникалық базасын толыққанды жасақтауға  әлі де қолдау қажет екендігін айтты.

Орталық төрағасы өңірлік ұлттық ұйымдар көмегімен былтыр және ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралар жобасымен таныстырды.
Кездесу барысында сөз алған ғұлама ғалым, қарымды қаламгер Қалдыбек Сейданов былтыр қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлтымыздың ұлы тұлғасының бірқатар шығармалары өзбек тіліне аударылып, Өзбекстандағы мемлекеттік оқу орындары мен жергілікті кітапханаларға таратылғанын қуана жеткізді.

Ташкент облысы Қыбырай аудандық қазақ ұлттық мәдени орталығының жетекшісі, ардагер ұстаз Жақсылық Оразбаев өзінің жарты ғасырдан бері оқу-ағарту саласындағы мол тәжірибесіне сүйене отырып, Өзбекстандағы қазақ мектептеріне осы заманғы озық әдістемелік оқулықтар мен көркем әдебиеттерді көбірек жеткізу жағынан көмек керектігін көлденең тартты.

Ал, көршілес елде қазақ тілінде жарық көретін жалғыз басылым -     Нұрлы жол     республикалық газетінің бас редакторы Ғұламзәкір Жүсіпов қазақстандық басты мерзімді басылымдар мен баспасөз өнімдерін жаздырып алып оқу және оларды тұрақты түрде елге жеткізіп тұру үшін пошта қатынасын қайта жандандыру мәселесін қозғады.

«Абай үйі» мәдени іскерлік үйінің жетекшісі Шерәлі Садықов өзге елде тұрса да өзіміздің ұлтымызды ұлықтап, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеуге, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді дамытуға ерен еңбек сіңірген білім-ғылым және қоғам қайраткерлері Қазақстан Республикасы тарапынан мемлекеттік марапаттарға ұсынылса, бұл бағалау шеттегі отандастарды моральдық тұрғыдан қолдау болар еді деген орынды уәжін айтты.

Өз кезегінде Өзбекстан астанасына «Отандастар Қоры» КЕАҚ атынан арнайы барған Шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің бас менеджері Серік Бегалыұлы көршілес елдегі қазақ мектептерінің оқушылары Қазақстанда өткізілетін халықаралық байқауларға белсене қатысатынын және жергілікті ұлттық ұйымдар қоғамдық іс-шараларға ұдайы ұйытқы болып жүретінін айтып, риясыз ризалық білдірді. Сонымен қатар «Отандастар Қоры» КЕАҚ ұйымдастырған «Ана тілім-ардағым», «Абай әлемі», «Қазақстан-әлем балалары көзімен» және «Қазақстан – жүрегімде» атты халықаралық байқауларда бағы жанып, жүлдегер атанған өзбекстандық қазақ балалары мен жастарға, қоғамдық ұйымдардың белсенділеріне Отандастар қоры атынан арнаулы дипломдар мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті.

Ташкент қаласында этникалық қазақтармен және отандастармен кездесуі өтті