Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына орай «Қос елдің қыран тұлғасы» атты халықаралық байқауының ережелері.

20 Ақпан, 2023

Жазушы Рахметолла Райымқұловтың отбасы мен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бірлесе отырып қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, қазіргі Өзбекстан Республикасындағы Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қараманас ауылының төл тумасы Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына орай 13 жас пен 35 жасқа дейінгі шетелдегі қандастар арасындағы талапты жастарға арналған «Қос елдің қыран тұлғасы» атты халықаралық байқауын жариялайды.

Байқау материалдары 2023 жылдың 28 сәуіріне дейін қабылданады. Байқау нәтижелері 2023 жылдың 15 мамырында жарияланады. Марапаттау орны қосымша хабарланады.

Қазылар алқасы құрамына журналистика және әдебиет теориясын зерттеуші ғалымдар, қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер мен журналистер кіреді. Ең үздік жұмыстар қазылар алқасы мүшелерінің отырысында іріктеледі.

 

Конкурстың мақсаты мен міндеттері

1) Жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетіміздің беделін нығайтуға үлес қосу;

2) Балалар әдебиетін дамытуға күш салу;

3) Танымдық мақалада кезінде түрлі жанрларда қалам тербеген жазушы Р.Райымқұловты өз заманының көрнекті қаламгері, тарихи тұлғасы ретінде таныту, дәріптеу.

 

Байқау номинациялары:

1. Үздік әңгіме (еркін тақырып)

2. Балаларға арналған үздік шығарма (әңгіме, ертегі, мысал, т.б.), (еркін тақырып)

3. Үздік танымдық мақала (жазушы Р.Райымқұловтың өмірі мен шығармашылығы туралы танымдық мақала)

Байқаудың шарттары:

- байқауға 2023 жылдың 15 ақпаны мен 28 сәуірі аралығында жолданған туындылар қатыстырылады;

- байқауға шетелдегі қандастар арасындағы талапты да талантты жастар, орта және жоғары оқу орындары мен білім және ғылым мекемелерінің 35 жастан аспаған студенттері мен магистранттары және PhD-докторанттар мен жас ғалымдар қатыса алады;

- байқауға тек қазақ тіліндегі шығармалар қабылданады;

- автор бір жанр бойынша ғана байқауға қатысады;

- байқауға ұсынылатын шығармалар мерзімді басылымдарда жарияланбаған, кітапқа енгізілмеген және бұған дейін басқа байқауларда жүлделі орын алмаған болу керек;

 

Байқау жұмыстарына қойылатын талаптар:

1. Көркемдік сапасы жоғары болуы;

2. Тақырыптың ашылуы;

3. Тіл тазалығы;

4. Логикалық үйлесім;

5. Ой тереңдігі;

6. Мұрағаттық ақпараттардың шынайылығы;

7. Жаңашылдығы.

 

Марапаттау:

Байқаудың әр номинация бойынша жеңімпазы 500 000 тг. (бес жүз мың) көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Қосымша 3 қатысушыға ынталандыру сыйлығы – 100.000 (жүз мың) теңгеден беріледі.

«Отандастар қоры» КЕАҚ атынан үздік деп танылған қатысушыларға арнайы 5 сыйлық (Қазақстандағы балаларға арналған демалыс орындарына тегін жолдама және т.б. да бағалы сыйлықтар) қарастырылған.

 

Жұмысты рәсімдеу талаптары:

1. Байқау жұмыстары А-4 форматында, Times New Rоman қарпімен, 14 мөлшерде, 1,15 аралықта терілуі керек;

2. Байқауға ұсынылатын материалдар көлемі – 7-8 беттен аспауы тиіс.

3. Бірінші файлда шығарманың бірінші бетінің жоғарғы жағына шығарманың номинациясы және автордың бүркеншік есімі ғана жазылады. Мысалы: "Үздік әңгіме" номинациясына, "Оқыптуған" деген сияқты. Екінші файлда автордың бүркеншік есімі және автордың толық аты-жөні көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, аты-жөні, туған жылы, оқу немесе жұмыс орны, электрондық почтасы, мекен жайы, байланыс телефоны жазылуы керек;

4. Байқау материалдары авторларға қайтарылмайды.

5. Материалдар электронды нұсқада қабылданады.

6. Байқау материалдары мына электронды поштаға жіберілуі тиіс: r.raimkulov.baikau@gmail.com

 

Ақпарат. Рахметолла Райымқұлов (1913–1978) 11 мамырда қазіргі Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қараманас ауылында дүниеге келген. 1929 жылы төрт кластық білімімен Ташкент қаласындағы Қазақ педагогикалық техникумына түскен. Оны 1933 жылы бітіріп, Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданында өзі оқыған мектепте мұғалім болған. Аудандық «Алға» газетінің редакторы қызметін атқарады. Сол жылдардан бастап ұзақ уақыт баспасөзде істеген. 1935–1936 жылдары Ташкенттегі педагогикалық институтта оқиды. 1937 жылы Алматыдағы Қазақстан Коммунистік Журналистер институтына ауысып, оны 1939 жылы бітіріп шығады да, «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналына жауапты хатшы қызметіне қалдырылады. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне ауысады. Сол жылы майданға кетіп, 1946 жылдың қаңтарына дейін әскер қатарында болды. Соғыстан оралысымен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде очерк және фельетон жанрларынан семинар сабағын жүргізеді. 1949–1953 жж. Полиграфия және баспасөз қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы болып екі рет сайланады. 1953–1961 жж. «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиетінде», «Жұлдыз» журналында проза бөлімінің меңгерушісі болды. 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары болып істеген. Аударма саласында С.Айнидың «Бұқара» трилогиясының екі кітабын қазақшалаған. Біраз туындысы орыс тіліне аударылған. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Шығармалары: "Уәде", "Көкжал", "Жасыл белес", "Түйелі адам", "Балдақты адам", "Болаттың сынығы", "Қара жорға", т.б.

Ұйымдастыру комитеті:

+7 747 107 56 12 Бағдагүл

+7 702 490 69 53 Ерсін

 

Қазақстан Республикасы,

Астана қаласы

2023 жыл

Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына орай «Қос елдің қыран тұлғасы» атты халықаралық байқауының ережелері.