Мемлекет басшысы аралас жекпе жек шебері Шавкат Рахмоновты қабылдады

27 Наурыз, 2023

Президент даңқты спортшыны таяуда Лас-Вегас қаласында өткен UFC турнирінде жеңіске жетуімен құттықтады. Бұл туралы akorda.kz жазды.

Қабылдау барысында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Рахмонов секілді  мықты атлеттердің жеңіске деген ерік-жігері мен жетістігі өскелең ұрпақты жігерлендіретінін, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратынын айтқан. Сонымен қатар Президент спортшының алдағы уақытта биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірген.

Өз кезегінде Шавкат Рахмонов арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқан. Сондай-ақ ол жанкүйерлердің үмітін ақтап, еліміздің мерейін асқақтата беретінін жеткізген.

Айта кететін жайт, 1994 көршілес Өзбекстанның Сурхандария облысына қарасты Шурчи қаласында дүниеге келген Шавкат Бақтыбайұлы аралас жекпе-жектен әлі жеңіліс таппаған спорт шебері. Осы уақытқа дейін 17 жекпе-жек өткізіп, оның 8-ін нокаутпен жеңген. 2010 жылы отбасымен тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударған. Қарағанды қаласына келіп қоныстанған Шавкат бастапқыда әуесқой спортпен айналысып, кейінірек кәсіби деңгейге көшкен.
 
Қазір қандасымыз жартылай орта салмақ бойынша ресми UFC рейтингінде 6-шы орында тұр.

Мемлекет басшысы аралас жекпе жек шебері Шавкат Рахмоновты қабылдады