Еуропаның түкпір түкпірінен және Қазақстаннан келген 2 мың қазақ Германияның Кельн қаласындағы Құрылтайда қауышты

29 Мамыр, 2023

Германиядағы Құрылтайдың екінші күнгі  ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президенті Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының ыстық сәлемін жеткізіп, Құрылтайдың жемісті болуына ізгі тілектерін арнады. М.Отарбаев атажұрт Қазақстан шеттегі қазақ қандастарымыз бен отандастарымыз қайда жүрсе де бірге екенін, қамқор болып, қолдауын аямайтынын жеткізді. Осы ретте, Отандастар қоры арқылы бұл қолдаудың нақты қадамдары жасалып жатқанын айтты. 

«Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы
«Кеше 10-15 елден келген 20-ға жуық ұйымның өкілдерімен келелі бас қосу өтті. Сондай-ақ алғаш рет белсенді елу қазақ жастарымен бас қосу ерекше мәнге ие болды. Бұл өміршең, қазақтың мүддесін, қазақтың келешегін ортаға салған пайдалы жиын болды. Мұндай жиындар бүгін де жалғасын табады. Бүгін он бір команда жасыл алаңда футбол ойнайды. Қазақстаннан арнайы келген асық ату және тоғызқұмалақ федерациясының бапкерлері Сабыржанов Жомарт пен Шотаев Мақсат бастаған делегация шеберлік сыныбын өткізеді. Сондай-ақ, Қазақстаннан келген «Тәрбия» сән үйінің көрмесі, Алматыдан келген «Гүлзира Үсенқызы» және Тараз қаласынан келген «Данадель» сән үйлерінің ұлттық нақыштағы заманауи киімдер жәрмеңкесі және Қазақстан қолөнершілер одағы мүшесі Шапабаев Қайраттың қол өнер бұйымдары, «Хазифа» дизайнерінің кәдесыйлар жәрмеңкесі тамашаланады. Сондай-ақ, өнертану ғылымдарының магистрі Алхаров Оңғарбек өзінің этно-фото көрмесін өткізеді. Қазақ суретшілерінің шоурумының негізін қалаушы Шукетаев Бақыт пен ART-AIKA брендінің негізін қалаушы, өзі суретші әрі дизайнер- Карибаева Айгерім сурет көрмесі мен ұлттық аксессуарлар жәрменкесін ұсынды. Осы дәстүрлі құрылтайға ат салысып, қатысып отырған Еуропадағы барлық ұйымның жетекшілеріне, әсіресе, Еуропа Қазақтары Құрылтай алқасының төрайымы - Кёльн қазақ мәдени орталығының төрайымы Сәдия Сүрерге және Кельн қазақтарына алғыс білдіргім келеді», – деді Абзал Сапарбекұлы.

Құрылтай футбол мен ұлттық спорт жарыстары, ұлттық дәстүр, өнер мен тағамдардың дәріптелген тойымен жалғасты.  Мектеп жасындағы Еуропаның әр елінен келген балалардың марафон жарысы Алтай қазақтарының Түркияға көшінің 70 жылдығына арналды.

 

Еуропаның түкпір түкпірінен және Қазақстаннан келген 2 мың қазақ Германияның Кельн қаласындағы Құрылтайда қауышты