Қазақстан мен Қатар арасында қазақстандықтарды жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қойылды

15 Ақпан 2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танидің келіссөздерінің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасында қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қойылды.

Келісім Қатарда жұмыс істейтін немесе жұмыс істеуді жоспарлап отырған қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталған. Оған Қазақстаннан еңбекшілердің құқықтарын қорғау және жұмысқа орналасу үшін қажетті жағдайлар жасайтын ұйымдастырушылық және құқықтық жағдайлар кіреді.

Келісім аясында қазақстандықтарға Қатардағы жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде заңды жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
Іс-қимылдарды үйлестіру, білікті жұмысшыларды тарту және еңбек дауларын шешу үшін Қазақстан мен Қатар арасында Бірлескен комитет құрылады.

Бұл келісімге қол қою Қазақстан Республикасының 2023 – 2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылды. Келісім ұлттық рәсімдерге сәйкес одан әрі ратификациялауды талап етеді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстан мен Қатар арасында қазақстандықтарды жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қойылды