«Қазақстан – қандастар көзімен» ашық диалог алаңы онлайн форматта өтті

25 Сәуір, 2020

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» басшылығы қандас студенттермен «Қазақстан – қандастардың көзімен» атты ашық диалог алаңында онлайн форматта кездесу өткізді.

Іс-шараға «Отандастар қоры» КЕАҚ президент кеңесшісі Қалыбек Қобландин, «Отандастар қоры» КЕАҚ президент кеңесшісі Дидар Болат, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының» Ақмола облысы және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалдарының басшысы Қарлығаш Хожамуратова, «Отандастар қорының» Ақпараттық-аналитикалық, Мәдени-гуманитарлық, Бизнес және жобаларды акселерациялау департаменттерінің мамандары, «Отандастар қорының» Білім бағыты бойынша жауапты қызметкерлері Нұрымжан Жұмағазиев пен Алжан Шарифов және шетелден келіп білім алып жатқан қандас студенттер қатысты.

«Қазақстан – қандастардың көзімен» атты диалог алаңының мақсаты – атажұртқа келіп, білім алып жүрген қандас студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беру, олардың Қазақстан туралы көзқарасымен танысып-білу. Ашық әрі еркін форматта өткен сұхбат барысында арман қуып келген жастар Қазақстанға келмей тұрып қандай ойда болғанын, кейін келген кездегі өзінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Олардың пікірі бойынша, шетелдегі жастар арасында Қазақстан туралы ақпаратты таратуды жаңа жолға қою қажет, сондай-ақ Қазақстанда білім алып жатқан қандас студенттер арасында байланысты нығайту керек. Жиын барысында жастарды елге оралған белгілі қоғам қайраткерлерімен танымдық мақсатта кездесулер өткізу және «Отандастар қорының» музыкалық ансамблін құру бойынша ұсыныстар айтылды.

Іс-шараның нәтижесі ретінде медициналық сақтандыру бойынша сұрақтарды ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолдап, мәселенің шешілуін қадағалау, «Жас қазақ» Халықаралық ұйымының әлеуметтік желілерде парақшаларын ашып, қандас жастарды бір арнада біріктіру бойынша жұмыс жүргізу, елге оралған белгілі тұлғалармен онлайн кездесулер өткізу және шетелдегі қандас жастарды Қазақстанмен таныстырып, атажұртта білім алуыға қызықтыру мақсатында қызықты контент (видеолар, конкурстар, жеңілдіктер т.б.) ұйымдастыру қолға алынатын болды.

«Қазақстан – қандастар көзімен» ашық диалог алаңы онлайн форматта өтті