Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн конференция өтті

05 Шілде, 2020

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн-конференция өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай және басқа да белгілі мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері, шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық миссиялары мен қазақтар қауымдастығының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың шешімімен, 2018 жылдан бері шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Астана күні қарсаңында өтетін мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты.

Онлайн форматта өткен жиын барысында Мағауия Сарбасов «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен» бірлесіп атқарылып жатқан жұмысы туралы баяндап, жоспарлармен бөлісті.

«Домбыра – сан ғасырдан бері қазақ халқының өмірінде маңызды орын алған музыкалық аспап. Қазақ күй өнерінің қайталанбас сарыны атажұрттан алыстағы ағайынға ерекше ыстық. Қандас бауырларымыздың сұрауы бойынша «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» мен «Отандастар қоры» шетелде өткізген іс-шараларының барлығы дәстүрлі әншілер мен дәулескер күйшілердің қатысуымен өткізіледі. Қандастар ұлттық өнерімізді жоғары бағалап үнемі ризашылығын білдіріп отырады. Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына домбыра және түрлі бағалы ұлттық сыйлықтар салынған «Қоржын кәде» жіберіліп отырады. Айта кетейік, карантин режимі кезеңінде қандастардың өтініші бойынша дәстүрлі әнші Сәулежан Тағзияұлы мен күйші Аршын Кәсімбайұлының қатысуымен онлайн шығармашылық кездесу ұйымдастырылды», - деді конференция барысында Мағауия Сарбасов.

Онлайн-конференция барысында Ресей, Оңтүстік Африка, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттерден қосылған қатысушылар бір уақытта домбырада «Балбырауын» күйін орындап, флешмоб ұйымдастырды.

Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн конференция өтті