«Абай әлемі» халықаралық байқауының қорытындысы

11 Шілде, 2020

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өткізген «АБАЙ ӘЛЕМІ» халықаралық байқауында
жүлде алған үздіктер тізімі:

1.    ВАНЯ КҮНАТҚЫЗЫ - Моңғолия, Баян-Өлгей аймағының тумасы,  21 жаста, 4-курс студенті; /бейнероликті табиғат аясында сахналық қойылыммен арнайы әзірлеген, табиғи таланты мен зор талпынысы үшін жүлдеге ие болды/

2.    БАЛНҰР ӘЛІБЕКОВА - Өзбекстан Республикасы, Навои облысы, Кенимех ауданының тұрғыны, 18 жаста;  /роликті кәсіби деңгейде әрлеп, арнайы бейнебаян жасап, анасымен бірге ән салған талантты жасқа таудай талабы мен шынайы талпынысы үшін жүлде берілді/

3.    ЕСБОЛАТ ШАЛҚАР - Қытай Халық Республикасының азаматы, 24 жаста, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті; /Абайдың қара сөздері мен өлеңін кәсіби деңгейде оқып, Абай әнін шебер орындағаны үшін жүлдегер атанды/

Байқауда бағы жанған 3 (үш) жүлдегерге де отандық «Туған елге саяхат» туристік пойызына тегін жолдама беріледі. «Туған елге саяхат» туристік пойызы жоспарлы бағыт-бағдары бойынша жүлдегерлерді кең-байтақ Қазақстанның өңірлеріне саяхат жасатып, тарихи-мәдени ескерткіштерге бай, әрі табиғаты тамаша өлкелермен таныстырады.

Бүгінде жаһанды жайлаған қауіпті індетке байланысты Қазақстанға саяхат жасайтын сапардың уақыты қосымша хабарланып, шетелдік жүлдегерлер алдын ала құлағдар етіледі.  

Үздік үштікке енген қандас үш жүлдегердің Қазақстанға келіп-кететін жол шығынын, күтіп алу-шығарып салу және туристік топқа қосу міндетін «Отандастар қоры» КеАҚ өз мойнына алады.

2020 жылғы МАМЫР-МАУСЫМ айларында өткен байқауға Моңғолия, Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қарақалпақ Республикасы, Украина және Беларусь елдерінде тұратын этникалық қазақ жастары /18 бен 35 жас аралығындағы қандастар/ жолдаған  40 бейнеролик  қабылданды.  

Байқау шартына сәйкес, қатысушы талапкер ұлтымыздың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, ағартушы, композитор  Абай Құнанбаевтың өзі қалаған кез-келген шығармасынан ҮЗІНДІ жаттап:
-    Абай өлеңінің бірінен үзіндіні  (кемінде екі-үш шумақ)
-    Абайдың «Қара сөздерінің» бірінен үзіндіні  (кемінде бір абзац)  
-    Абай әндерінің бірінен үзіндіні (кемінде бір шумақ+қайырмасымен) мазмұнына сай мәнерлеп орындап, Абай шығармаларынан үзінді орындаған видеожазбасын өз қолайына қарай әлеуметтік желіге (Faсebook,  Instagram, Twitter, VKontakte ) #OtandastarAbai175 хэштегімен салып, «Отандастар қорының» парақшасын белгілеп, байқауға жолдады.

Байқауда бақ сынасқан қандастардың қарым-қабілетін, қазақ тіліне деген құштарлығын ескере келе және ұлтымыздың ұлы ақынын ұлықтап, Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеудегі жастардың белсенділігін оң бағалай отырып, қазылар алқасы мына төмендегі қатысушыларға «Отандастар қоры» КеАҚ мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан «Алғыс хат» табыс етіп, арнайы марапаттауды ұсынды:

ЫНТАЛАНДЫРУ СЫЙЛЫҒЫ РЕТІНДЕ:  

1.    ӘЛИЯ ШАДХАМ - Иран Ислам Республикасы, 23 жаста;
2.    ЖАСАҢГҮЛ КЕМЕЛБЕКҚЫЗЫ - ҚХР, Шыңжан өлкесі, 22 жаста;
3.    АРМАНБЕК ЖАКЕЙХАНҰЛЫ - Моңғолия, Баян-Өлгей, 20 жаста
4.    МАРИЯ КЕНБАЕВА - Өзбекстан, Навои облысы, Тамды ауданында бастауыш сынып оқытушысы, 32 жаста;
5.    ӘСЕЛ ҒАЛИЕВА - Ресей, Түмен облысы, студент, 20 жаста;
6.    ГҮЛНАЗ ДЕСУПОВА - Украина Республикасы, 34 жаста;
7.    ГҮЛЖАНАТ ҚАЛИЖАНОВА - Қарақалпақ Республикасы, 30 жаста;
8.    НҰРГҮЛ ОЛЖАБАЕВА - Өзбекстан, Ташкент облысы, Бостандық ауданы, «Ең жас талапкер» 8-сынып оқушысы;
9.    БАҚЫТ ТАСТІЛЕУОВА - РФ, Саратов облысы, 18 жаста, студент;   
10.     ГҮЛДАНА НАРЫНБЕТОВА - Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығы Навои облыстық бөлімшесінің мүшесі, 33 жаста;

«Абай әлемі» халықаралық байқауының қорытындысы