Білім квотасы неге игерілмей отыр?

03 Тамыз, 2023

Тәуелсіздік алған соң кандастарды елге тарту мәселесіне айрықша ден қойдық. Соның ішінде, кандас жастарды, мектеп түлектерін елімізге оқуға ынталандыру тетіктері де іске қосылған еді. Бұл теңдессіз бастама екені сөзсіз, дегенмен оның іске асырылуында айтарлықтай ілгерілеу байқалмай отыр.

Яғни, елімізге келіп оқығысы келетін этникалық қазақ жастардың саны біршама, бірақ бөлінген квота толық игерілмей отыр. Ниет білдірушілер көп, бірақ оқуға түсетіндер аз. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі 4 жыл ішінде грант иегері атанған кандастардың үлесі азайып кеткенін байқауға болады. Мәселен, 2019 жылы грант игеру көрсеткіші 40,12 пайыз болған, ал 2022 жылғы көрсеткіш 17,72 пайызға кеміп, 22,4 пайыз болып отыр.

Демек, бөлініп тұрған квотаның игерілуінде мәселе көп. Тетік толыққанды нәтиже беріп отырған жоқ. Ол нендей мәселелер? Қандай шаралар атқару керек?

Грант иегерлері азайып жатыр

Қазір елімізде шетелде тұратын этни­ка­лық қазақтар үшін төрт негізгі білім беру бағдарламасы бар. Атап айтқанда, жо­ғары оқу орындарының базасындағы дайын­дық курстары, бакалавриатқа оқуға қа­был­дау үшін мемлекеттен бөлінетін

4 пайыз­дық квота. Нақтырақ айтқанда, елі­міздегі бакалавриатқа бөлінген барлық гранттың 4 пайызы кандастарға қарас­ты­рылады. Бұл бастама 1994 жылдан бері жү­зеге асырылып келеді, алғашында ол тек 2 пайыз болған, кейіннен 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында квота үлесі екі еселенді.

«Отaндaстaр қоры» мәліметіне сүйен­сек, негізінен Моңғолия, Қытай, Өзбек­стан, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Қыр­ғыз Республикасы және Ресейден кел­ген кандастар бағдарламаларға қызы­ғу­шылық танытады. Оның ішінде, Моң­ғолия мен Өзбекстан көш бастап тұр. Мұ­ның себебі тек осы елдерде ғана қазақ ті­лінде білім беретін мектептер жұмыс іс­тейтінімен түсіндіріледі.

Қордың сараптамасында оқуға түсуге ниет білдірушілердің саны жылдан-жылға артып келетіні айтылады. Алайда оқуға түсіп жатқандардың саны, керісінше кеміп барады.

Мәселен, 4 пайыздық квота саны жалпы грант санымен қатар өсіп келеді, 2019 жылғымен салыстырғанда

4 жыл ішінде грант саны 1 377-ге өскен, бірақ, грант ұтып алғандар саны азайып жа­тыр. Былтырғы көрсеткішті алып қа­рас­тырсақ, кандастарға 2 920 орын бөлі­ніп­ті, ал ҰБТ-ға 2 046 кандас қатысқан. Со­ның ішінде тек 654 кандас елге оқуға түс­кен екен. Салыстыру үшін айта кетейік, 2019 жылы 2 151 грант қарастырылып,

2 000 бала тестілеуге қатысқан, солардың 863-і грант иегері болған.

Сонда тестілеуге қатысқан талапкерлер са­нында айтарлықтай өзгеріс болмауы қы­зығушылық пен сұраныстың өзгер­ме­геніне дәлел бола алады. Ал сынақты тап­сыру деңгейінің төмендеуі квотаны игеру, арнайы тетіктерді ұйымдастыру мәсе­ле­сіндегі түйткілдерді айқындап отыр.

Нәтиже қағазда ғана

Ең алдымен, талапкер кандастардың еліміздегі түлектермен бірге ҰБТ тап­­­сыратынын айтып өту керек. Бұл, 11 жыл ел­де білім алған түлектердің өзі қыруар еңб­ек, таудай талаппен, бармақтай бақпен ең­серетін асу десек болады. Иә, кандас­тар­ға арналған дайындық бөлімі бар, бірақ 9 ай алған ақпарат пен 11 жыл бойы сіңірген бі­лімді салыстырудың өзі әділдік емес. Дайын­дық бөлімінде оқып, оқуға түсу­ші­лердің үлесі – 30-40 пайыз екен. Бұл дерек­тің өзі дайындық бөліміндегі білім сапасы төңірегінде сұрақ тудырады.

Яғни, кандастардың Қазақстанға оқуға келуіне толыққанды мән бе­ріл­мей отыр деуге болады. Маркетингтің әл­сіздігі, ҰБТ тапсырудағы жүйесіздік, кандас студенттерге қатысты деректер ба­за­сының болмауы, зерттеулер мен әлеу­меттік жұмыстардың жүргізілмеуі сияқты мә­селелер жетерлік.

Жалпы, бұл проблемалар белгілі, бұған дейін 2021 жылы Мәжіліс қабырғасында да көтерілген еді. Сол кездегі Премьер-Ми­нистр орынбасары Ералы Тоғжанов де­пу­таттардың сауалына жауабын да берген. Жауапта кандастарды оқуға тарту, ҰБТ-ны әңгімелесу нәтижелеріне ауыстыру, әдісте­мелік материалдар бойынша қолдау, қазақ тілін оқыту жүйелі түрде жүргізіліп жат­қаны айтылған екен.

– 2020 жылдан бастап диаспора өкіл­дері ҰБТ тапсырмай дайындық бөлім­дері­не ЖОО-ға дайындық бөлімдеріне қа­был­даудың бекітілген қағидаларына сәйкес әң­гімелесу нәтижелері бойынша қабыл­да­нады. 2021 жылы стипендиялық бағ­дар­ла­ма бойынша 132 кандас қабыл­данды, оның ішінде бакалавриатқа – 100, ма­гистра­тураға – 22, докторантураға – 10. Сон­дай-ақ 3 жыл ішінде академиялық ұт­қырлық аясында Франция, Литва, Ресей Фе­дерациясы, Қырғыз Республикасынан 33 кандас қабылданды, – деп жазылған жауап­та. Дегенмен бұл көрсеткіш көңіл көн­шітерлік емес. Себебі академиялық ұт­қырлық бойынша елімізден, керісінше шет­елге шығатын студенттер саны бұдан есе­леп асып жатыр.

– «Абай институты» (www.abai.institute) диаспора өкілдерін оқыту және қазақ ті­лін Қазақстанда және шетелде ілгерілету үшін әзірленген. Екі жыл ішінде жеті мем­ле­кеттің 160-тан астам өкілі онлайн-ре­жим­де білім алды. 2020 жылы «Отaндaстaр қо­ры» әлемнің 30 еліндегі диаспора өкіл­дері­не мемлекеттік тілді онлайн оқытуды ұйымдастырды. Оқудан 1 100 адам өтті. Бүгінгі күні курстарда 780 адам оқиды. Со­нымен қатар YouTube бейнехостингіне 30-дан астам онлайн сабақ жүктелді, speaking club ұйымдастырылып, 336 сер­ти­фикат берілді, – деген есеп беріледі. Бұл, әри­не, жақсы бастама, дегенмен, әлі де бол­са көп күш салу керек екені байқалады. Жал­пы, аталған бағыттардағы жұмыс жал­ғасып жатқаны және Үкіметтің бақы­лауында екені айтылған. Дегенмен ста­тис­тикалық деректерде оң нәтиже байқалмай тұр.

Бағдарлама бар, бюджет бекітілген, дегенмен жүзеге асырудағы кем-кетіктер жобаның кежегесін кейін тартып отыр. Осы орайда мәселеден жан-жақты хабардар болып, шешу жолдарын білмекке тырысып көрдік.

Білім квотасы неге игерілмей отыр?