Мәжіліс депутаты Жұлдыз Досбергенқызының “Túrkistan” газетіне берген сұхбатынан:

04 Тамыз, 2023

– Кандастардың елімізде, яғни тарихи Отанында білім алуы 1994 жыл­дан бастау алады. Ол кезде кандастарға білім беруге арналған квота 2 пайыз еді. Білім алуға ниет білдірген кандастардың саны біршама бол­ғанымен, жалпы грант есебінен оқуға түсетін кандастарымыздың саны көбеймей тұр. Мұның себептерін де анық білеміз. Кандастардың елімізде жоғары білім ала алатыны тура­лы, ҰБТ тапсыру ережелері туралы ақпарат жеткіліксіз, сонымен қатар кандастарға тестілеуден өту де оңай емес. Елімізде 11 жыл білім алған талапкер де, шетелде туған, елімізде тек тоғыз ай дайындық кур­сында оқыған кандасымыз да тең дәрежеде, бірдей талаппен ҰБТ тапсырады. Мысалы, 2021 жылы ҰБТ-ға құжат тапсырған кандастар саны 2 478, ал мемлекеттік грант есебінен оқуға қабылданғандар – 796. Бұл орайда, Ғылым және жоғары білім министрлігі дайындық курстарының мазмұнын жетілдіруге ден қоюы қажет деп ойлаймыз.

Біріншіден, этникалық қазақтар үшін халықаралық емтихандарға сәйкес бола алатын ҰБТ-ның баламалы емтиханын енгізуді қарастыру қажет. Сонымен қатар дайындық курстарын тілдік курстарға өзгертуді ұсынамыз. Екіншіден, этникалық кандастарымызға Болон процесі және академиялық ұтқырлық стипендиялық бағдарламасы аясында магистратура мен докторантураға жеке квота бөлуді қарастыру керек. Қазір осы бағдарлама бойынша кандастарымыз барлық шетел азаматтарымен бірдей дәрежеде қатысады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағытымен Еуропа мен ТМД елдеріндегі этникалық кандас студенттер алмасу үшін квота бөлуді қарастыру керек. Бұл квота қысқа уақытта тарихи Отанын жақсы білуге және қазақ тілін үйренуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерден үкіметаралық білім беру гранттары аясында этникалық кандастарды барынша тарту қажет.

Қорыта айтқанда, бағдарламаның бізге берері мол. Кандастарды да атажұртымен қауыштыратын алтын көпір. Ресми есептерде ахуал жақсы болғанымен, шын мәнінде бастаманың жүзеге асуында мәселе көп болып отыр. Еліміз үшін демографиялық, экономикалық маңызы орасан бағдарламаның табысты болуы үшін жүйелі жұмыс, ниет пен жанашырлық жеткіліксіз болып тұр.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Досбергенқызының “Túrkistan” газетіне берген сұхбатынан: