Астрахань облысында екі онлайн қазақ тілі сыныбы ашылды

04 Желтоқсан, 2020

«Отандастар» қоры Ресей Федерациясы Астрахань облысының екі ауданында қазақ тілін оқытатын сыныптардың ашылуына қолдау көрсетті. Бүгінде техникалық түрде жұмыс істеп жатқан сыныптардың ресми ашылуы тәуелсіздік күніне орай Бас Консулдың қатысуымен өтеді.

«Никита Ысқақов атындағы Семибугорен орта мектебі» муниципалды қазыналық жалпы білім беру мекемесі қазақ тіліне арнап жеке кабинет бөлді. Ол кабинетте қазақтың ұлттық мәдениеті, өнері, әдебиеті, тұрмыстық бұйымдарымен танысуға болады. Мектеп директоры Римма Ибрагимова қандастарға қамқорлығы үшін Қор мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына алғыс айтты.

Екінші онлайн-сынып Володар ауданы Калинин ауылында ашылады. Академик Ережеп Мәмбетқазиев атындағы Калинин орта мектебінің директоры Арман Нұрлиевтың айтуынша қазақ тілі кабинеті Қор сыйлаған ең заманауи жабдықтармен жабдықталады.

Астрахань облысында ресми дерек бойынша өмір сүретін 160 мың этникалық қазақтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Мәселен, Калинин ауылы тұрғындарының 99,9 пайызы қазақ. Олар ұлттық салт-дәстүрді сақтау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануда. Қордың аталған ауыл мектебінде қазақ тілі кабинетін ашуы шет елдегі қандастарымызды тарихи отанымен бұрынғыдан да жақындастырады.

Бұл туралы "EGEMEN QAZAQSTAN" ақпараттық порталында да жарияланды.

Астрахань облысында екі онлайн қазақ тілі сыныбы ашылды