«Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойына арналған мерейтойлық концерт өтті

05 Қараша, 2022

«Қазақстан - Қырғызстан: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық» атты дөңгелек үстелден кейін арқа-жарқа көңілмен жараса қауышып, қуана тарасқан қандастар мен көңілі тату көршіміз - қырғыз ағайындар кешкілік шекаралас Жамбыл облысының Кенен Әзірбаев атындағы филармониясы өнерпаздарының мерейтойға арнайы ала келген ән-шашуын тамашалады. Тараздық сахна саңлақтары мерейтой қонақтарының мейірін қандырып, қандастарымыздың абыройын асырды.

Сонымен қатар, концерттік бағдарлама аясында Қырғыз Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты Министрінің орынбасары - Самат Бектұрұлы Шатманов, Жогорку Кенештің Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитетінің төрағасының орынбасары Лурова Лейла Хияновна сөз сөйлеп риясыз алғыстарын білдірді.

Бішкек қаласын қазақтың халық әндерімен әлдилеп, қырғыз аспанын күй күмбірімен тербеткен өнер кеші көпшіліктің жадында жатталып, көрермен көңілінде көпке дейін сақталып қалары анық.

«Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойына арналған мерейтойлық концерт өтті