«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы Қырғызстандағы қазақ ұйымдары өкілдерімен кездесті

23 Қараша, 2023

22 қарашада Бішкек қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының Диаспора істерімен айналысатын мекеме басшыларының V кездесуі аясында «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы Қырғызстандағы қазақ ұйымдары өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында А.Сапарбекұлы «Отандастар қоры» ұйымының бастамасымен биыл өткізген іс-шаралары, атап айтқанда Германиядағы Европа қазақтарының бас қосуы, Мәскеуде Ресей қазақ мәдени ұйымдар өкілдерімен, Моңғолиядағы қазақтардың Кіші құрылтайы, Алтай өлкесіндегі қазақтар шоғырланған Қосағаш ауданы және Барнаул қаласында қазақ халық аспаптар оркестрінің концерттері туралы баяндап берді. Осы ретте Қоғам басшысы Астанада «Отандастар форумына» 30-дан астам шетелден келген 200-дей қазақ бауырлармен өткен кездесу, онда көтерілген өзекті мәселелердің шешілу жолдары мен алдағы уақыттағы Қоғамның алдына қойған міндеттері мен жобалары туралы әңгімеледі.

Өз кезегінде қандастар оқушы балалар мен жастарға, оқу-білімге арналған  жобалар, қандастардың құжаттарын дайындау туралы мәселелерге қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, Бішкекте қазақ мектебін ашу, Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуге грант бөлу, «Ата жолы» картасын алуды жеңілдету, балаларға арналған көркем әдебиеттерді көбірек жеткізу мәселелері сөз болды. Кездесуде сөйлеген қандастарымыз қырғызстандық мектеп балаларының Қазақстанда биыл болған жаздық лагерлерінде өткен танымдық, қазақ тілін игеру, ұлттық, дәстүрлі салт пен ойындар, видео, мобилиограф жобаларына байланысты іс-шаралар жастардың бойында жаңа рухани көңіл-күйлерінің оянуына әсер еткенін ерекше атап өтті.

Кездесу барысында қандастар «Отандастар қорының» соңғы кезде жаңа креативтік жобалар ұйымдастырудағы белсенді рөліне тоқталып, бүгінгі Абай орталығына тарту еткен қазақ тіліндегі көркем, ғылыми-танымдық әдебиеттерге өз алғыстарын білдірді.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Елшісі Р.Жошыбаев қатысты. ​Кездесу соңында А.Сапарбекұлы қазақ-қырғыз мәдени ынтымақтастығы мен байланыстарының нығаюына ерекше қолдау көрсетіп жүрген бір топ қазақ мәдени ұйымдар белсенділеріне, екі ел достығының жарасуына ерекше үлес қосқан қырғыз азаматтарына «Отандастар қорының» Алғыс медалі мен құттықтау марапаттарын тапсырды.

Кездесу жылы шырайда өтті

«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы Қырғызстандағы қазақ ұйымдары өкілдерімен кездесті