Биыл Қостанай облысына 966 қандас көшіп келді

28 Қараша, 2023

Биыл Қостанай облысына 966 қандас көшіп келді. Бұл белгіленген квотадан үш жарым есе артық. Олардың 90%-ы Рудный қаласына қоныстанған. Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қорының өкілдері өңірге жұмыс сапарымен келіп, қатарымызды толықтырған ағайынның тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. 

Гүлсина Қалмырзаева Рудныйға Өзбекстаннан көшіп келді. Ол жоғары білімді дәрігер. Біраз жыл бойы жергілікті ауруханада жұмыс істеді. Кейін жеке ЛОР кабинетін ашуды ұйғарды. Оны жабдықтау үшін мемлекеттен қайтарымсыз 5 миллион теңге грант және 6 миллион теңге субсидия алған. Қазақстанда әр адамға жеке ісін ашуға мүмкіндік мол екендігін тілге тиек етті.  

Гүлсина Қалмырзаева, жеке кәсіпкер: 

Өзіне ұнайтын жұмысты үлкен дәрежеге жеткіземін деген адамға мемлекет тарапынан жағдай жасалған. Оған көзім жетті, себебі сол көмектерді алып, кәсібімде жүргізіп жатырмын.

Кеншілер қаласында қоныс тепкен қандастарымыз түрлі салада еңбек етеді. Көбі жеке кәсіппен айналысады. Бірі тігін цехын ашса, енді бірі түйе шаруашылығын түлетіп, аймақты шұбатпен қамтамасыз етіп отыр. Әрине оларды мазалайтын мәселелер де жоқ емес.  

Еркебұлан Меңлібаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ Қандастарды қолдау департаменті директорының орынбасары: 

Қандастар негізінен құжат алу мәселелері, оның ішінде ықтиярхат, азаматтық алу, өңірлік квота бойынша хабараласады. Сонымен қатар құжат алуға өтініш беріп, бірақ әлі жауап алмаған мәселелер де біздің назарымызда.  

Тарихи Отанына оралған қандастарымыздың тез бейімделіп, сіңісіп кетуіне мемлекет барынша жағдай жасап жатыр. Азаматтық алу мерзімі алты айдан үш айға қысқарды. Биыл үй салуына немесе сатып алуына ұтқырлық сертификаты беріле бастады. Оның сыртында жергілікті әкімдіктер де, кәсіпкерлер де көмек-қолдау көрсетуге дайын. 

Ринат Мұхаметқалиев, облыс әкімінің орынбасары: 

Рудный қаласына жақын орналасқан Бейімбет Майлин, Денисов деген аудандар бар. Денисов ауданында 300 орынға арналған қазақ мектебі бар. Ендігі кезекте аудан әкімі көшіп келуге ниетті қандастар үшін он үйге дейін сатып алуға дайын екендігін айтып отыр. 

Осы айда Қостанай облысына қандастарға бөлінетін өңірлік квота 72-ге ұлғайтылды. Оның жартысына жуығы Рудный қаласына бөлінді.

Биыл Қостанай облысына 966 қандас көшіп келді