«Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның кезекті отырысы өтті

08 Желтоқсан, 2023

2023 жылдың 5 желтоқсанында «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссияның күн тәртібінде «Отандастар қоры» ҚЕАҚ 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, «ҚР Халықтың көші-қоны туралы» Заңының этникалық репатриацияға қатысты, нақты айтқанда «Қандас» мәртебесін беру, ұлтын анықтау, қандастардың азаматтық алу мәселелері талқыға түсті.

 І. Бірінші мәселе бойынша «Отандастар қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы Қоғамның 2023 жылы атқарған жұмыстары жөнінде және шетелдегі қазақтарды мәдени-гуманитарлық қолдаудың маңыздылығын баяндап, биыл 11 қазанда Астанада өткен Отандастар Форумында көтерілген келелі мәселелердің бірқатарын атап өтті. Атап айтқанда:

  • – мемлекеттік квотамен қандастарға бөлінетін гранттардың тиімді игерілмеуі және ҰБТ-ның орнына жеңілдетілген тәртіппен қабылдау тетігін енгізу;
  • – қандастардың этникалық қазақ екенін анықтау бойынша арнайы комиссиялар құру жұмысын жеделдету;
  • – шетелдегі қандастарды мәдени-гуманитарлық тұрғыда қолдауды қаржыландыруды ұлғайту;
  • – шетелдегі қазақ мектептерін материалдық-техникалық тұрғыда қолдау;
  • – «Ата жолы» картасын жетілдіру сияқты бірқатар мәселелерге тоқталды.

Сонымен қатар Форумның тағы бір маңызды ұсынысы – диаспоралық саясатқа қатысты мемлекеттік  нормативті-құқықтық құжаттар қабылдау және диаспораға жауапты институционалдық құрылымдарды жетілдіру.

ІІ. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Отандастар қоры» Қандастарды қолдау департаментінің басқарушы директоры Гүлмира Нұрбаева Қазақстанға қоныс аударған қандастарға ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету және олардың қоғамға бейімделуге арналған жұмыстарға тоқталды. 
Қоғамның Қандастарды ақпараттық қолдау орталығына 2023 жылы 4424 өтініш-сұрақ түсіп, өңделген. Қандастарды толғандыратын 10 негізгі сұрақтардың қатарында: ҚР азаматтығын алу (708), қандас мәртебесін алу / создыру (590), білім және мәдениет (475), көшу / туыстарын көшіру (365), құжаттар бойынша сұрақтар (358), өңірлік квота бойынша (323), ықтиярхат алу (253), виза мәселесі (212), «Ата жолы» картасы (203), басқа сұрақтар – 937.
Сондай-ақ, баяндамашы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Қандас мәртебесін» беру Ережесіне енгізген өзгерістерінен туындап жатқан қиындықтар, оның ішінде «Құтты мекен» мобилді қосымшасына сараптама жасап, оларды шешу жолдарына назар аударды.

▪ Қоғамдық комиссия мүшесі Ауыт Мұқибек өз кезегінде ҚР Халықтың көші-қоны туралы Заңы 20-бабының 5 тармағына, атап айтқанда Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетін қандастардың азаматтық алуын және тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығына қатысты нормаға қатысушылардың ерекше назарын аударды. 

Сондай-ақ, баяндамашы бұрын үш жұмыс күні ішінде беріліп келген «Қандас» мәртебесінің қазір отыз бес күнге созылғаны, қандастардың қатарынан Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген және тұрып жатқан қандастар санатының Заңнан алып тасталуы, Заңда білім алу және еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келгендерді шақыру тетігінің болмауы сынды мәселелерге ерекше тоқталды. Сөз соңында, Ауыт Мұқибек осы мәселелерді шешу жолы ретінде ұсыныстар берді.

Келесі сөз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Маратұлы Ертаевқа берілді.  А.Ертаев өз сөзінде қандастарды көшіру саясатын реформалау және демографиялық және экономикалық үрдістерді, сондай-ақ жалпыұлттық мүдделерді ескере отырып, Көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған концепциясына сәйкес ел аумағында қандастарды қоныстандырудың жаңа тәсілі іске асырылып жатқаны, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Қандас мәртебесін беру және ұзарту қағидалары қабылданғаны жөнінде баяндады. Қоныстандырудың жаңа тәсілі аясында қандас мәртебесін беруге құжаттарды қабылдау мақсатында әзірленген «Құтты мекен» мобильдік қосымшасының іс жүзінде кемшіліктері бар екені және оны жетілдіру жұмыстары жүргізілетіні туралы айтылды.

Биыл елге келген 19476 қандастың 2310, яғни 11,8 % ғана Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанғаны, қандастарды солтүстік өңірлерге қоныстандыру кезінде әрбір отбасымен оларды бейімдеу және жергілікті қоғамдастыққа біріктіру үшін жеке жоспар әзірленетіні, сондай-ақ, әлеуметтік келісімшарт жасалатыны туралы баяндалды. 

Қандас мәртебесін алуда қиындықтарға тап болып отырған этникалық қазақтардың Көші-қон комитетімен актуалды тізімдер жасалып, тиісті жұмыс жүргізілуде екенін жеткізді.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ермұрат Бапи мен Қазыбек Иса өз сөздерінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына енгізілгелі жатқан новеллаларды қолдайтынын жеткізді.

Сонымен бірге халық қалаулылары шеттегі қандастардың көші-қон процестерін жеңілдету керектігін, соған сәйкес заңнаманы жетілдіру мемлекет саясатының басымдығы болу керек деген ұстанымдарын білдіріп, бұл мәселе Парламент қабырғасында қарастырылып жатқан заңнамалық өзгерістерде міндетті түрде ескерілетінін мәлімдеді.

3 сағатқа жуық уақытқа созылған және қызу талқыда өткен жиында қатысушылар өзара сындарлы ойларымен бөлісті.

Алқалы жиын отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, елге танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, мүдделі қоғамдық ұйымдар мен қандастар өкілдері қатысты. Комиссия отырысында айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар хаттамаға түсіріліп, құзырлы мемлекеттік органдарға жіберіледі.

«Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның кезекті отырысы өтті