БҰҰ-ның бас кеңсесінен шақырту алған моңғолиялық Көгершін

03 Ақпан 2024

Моңғолия, Ресей және Қытай елдерінде бі­­­­лімін жетілдірген Көгершін Қуанған көп жыл қатарынан Моңғолияның беделді ақпарат агенттігінде журналист болып жұмыс істеген. Был­тыр БҰҰ-ның жанынан құрылған Даг Хам­маршёльд атындағы қордың грантын ұтып ал­ған ол БҰҰ-ның Нью-Йорктегі бас кеңсесінде 3 ай тағылымдамадан өтті. Әлем журналистері ар­мандайтын бас кеңседе біліктілігін арт­ты­рып қайтқан Көгершін жуырда Америкаға қайта оралып, бас кеңседе тұрақты түрде жұ­мыс істемек. Биікті көздесе, діттегеніне жетпей қой­майтын Көгершінге «Túrkistan» газетінің тілшісі хабарласып, аз-кем әң­гімелескен еді.

Тележурналист болуды армандадым

Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келдім. Алғашында моңғол мектебінде оқып жүрген едім, кейін мектеп бітіруге екі жыл қалғанда түрік мектебіне ауысып, сонда білім алдым. Оны бітірген соң, Ұланбатырдағы Моңғолия ұлттық университетіне журналистика мамандығына оқуға түстім. Неліктен бұл мамандықты таңдадың десеңіз, мен бала күнімнен кітап пен газетті көп оқитынмын. Ата-анам ұстаздық ететіндіктен, үйімізде үстел үстінде кітап пен газет үйіліп тұратын. Мектепте оқып жүргенде тележурналист болуды армандайтынмын. Бастапқыда жоғары білімді атамекенім – Қазақстанда немесе басқа елде алуды көздедім. Тест тапсыратын пән ретінде моңғол және орыс тілдерін таңдадым. Анам – 30 жылдық тәжірибесі бар моңғол тілінің мұғалімі. Сондықтан бұл пән бойынша тестке дайындалуыма ол кісінің де көмегі көп тиді. Нәтижесінде, тестілеуде Баян-Өлгей аймағы бойынша моңғол тілінен ең көп ұпай жинадым. Орыс тілінен де өте жоғары ұпай иелендім. Сосын маған елдің белді университеттерінің бірінде қалаған оқуға түсу мүмкіндігі берілді. Сөйтіп, Қазақстанға да, басқа да елге бармаймын, Ұлан-Батырға тұрақтаймын деп шештім. Алайда Моңғолия ұлттық университетінде 2-курс оқып жүргенімде Ресейдің Иванов мемлекеттік университетінің грантын ұтып алдым. Сөйтіп, ондағы филология факультеті журналистика бөлімінде төрт жыл білім алдым. 2013 жылы ол университетті тәмамдаған соң, Моңғолияда алғаш ашылған агенттіктердің бірі – gogo.mn сайтына жұмысқа тұрдым. Бастапқы 4 жылда аталған агенттікте журналист қызметін атқардым. Ағылшын, орыс тіліндегі жаңалықтарды моңғолшаға аударумен айналыстым. Әуелі спорт саласы, содан соң саяси жаңалықтарға жауапты журналист болып еңбек еттім. Моңғолияның Парламент үйінен хабар таратып, саяси процестерге жауапты тұлғалардан сұхбат алдым. Одан соң, білімімді жетілдіре түсу үшін магистратурада оқығым келді. Қытайдың мемлекеттік грантын жеңіп алып, Нанжин университетінде бизнесті басқару мамандығына оқуға түстім. Ол оқуды 2021 жылы бітіруім керек еді, бірақ диплом 2023 жылы ғана қолыма тиді. Күллі әлемді дүр сілкіндірген пандемия салдарынан шекара жабылған соң, Моңғолияға оралып, онлайн форматта білім алуға тура келді. Мұнда бұрынғы жұмыс орныма қайта оралдым. Ол агенттіктегі жұмысымды бір апта бұрын тапсырып, жұмыстан шықтым. 

БҰҰ-да тағылымдамадан өткен алғашқы журналиспін

1961 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының екінші хатшысы болған Даг Хаммаршёльд мінген ұшақ Африка жерінде апатқа ұшырап, ұшақ ішіндегілердің барлығы қаза тапқан болатын. 60 жыл бұрын БҰҰ жанынан Хаммаршёльдтің құрметіне журналистерге арналған қор ашылды. Аталған қор жыл сайын дамушы елдердің 4 журналисін іріктеп алып, БҰҰ-ның бас кеңсесінде 3 ай тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Былтыр Моңғолиядағы БҰҰ-ның кеңсесінде жұмыс істейтін бір сыныптасымның Facebook-тегі парақшасынан сол грантқа құжаттар қабылдау мерзімі басталғанын байқап қалдым. Бағымды сынап көрейін деп, қажет құжаттарды жинап, грантқа тапсырдым. Неге екенін білмеймін, сол кезде ол қордың гранты маған бұйырар деген сенім болды. Құжаттарымды тапсырып қойған соң, түбі ұтып аламын деген оймен сенімді жүрдім. Сосын шілде айында «Бірінші кезеңнен өттіңіз» деген жауап келді. Содан соң 2-кезеңде сұхбаттасуға шақырылдым. Тамыз айында «Құтты болсын! Әлем бойынша іріктеген 4 журналистің ішінде сіз де барсыз. Сізді қыркүйекте Нью-Йоркте күтеміз!» деген хабарлама келді. Визам дайын болған соң, қыркүйек айында Америкаға жол тарттым. Онда қаңтар айына дейін БҰҰ-ның бас кеңсесінде жұмыс істедім. Жыл сайын қыркүйек айында Нью-Йорктегі бас кеңседе БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы өтеді. Тағылымдаманың алғашқы екі аптасында қор грантын ұтып алған, Украина, Уганда және Нигериядан келген әріптестеріммен бірге өз еліміздегі медиаға сессияның жұмысы туралы хабар таратумен айналыстық. Жұмыс көп болды. Күн ара мақала жазып отырдық. Содан соң БҰҰ-ның бас кеңсесінде секьюрити консулдар күн сайын Украинадағы соғыс, Газа секторындағы ушыққан жағдай секілді өзекті мәселелерді талқылап, ортақ шешім табуға тырысады. Сосын журналистерге баспасөз конференциясын ұйымдастырып, шығарған шешімдерін ортаға салады.  Біз күн сайын сол жиынға қатысуға тиіспіз. Одан бөлек, күн сайын таңертең сағат 11-00-де Бас хатшының баспасөз хатшысы, тағы басқа мамандар бір сағат аралығында баспасөз конференциясын өткізеді. Грант ережесіне сәйкес, бізге сол жиынға қатысып қана қоймай, қолымызды көтеріп, қай елден келгенімізді айтып, өзімізді таныстырып, сұрақ қою тапсырмасы міндеттелді. Одан бөлек, елшіліктердегі түрлі іс-шараларға қатыстық. Дегенмен жоғарыда айтып өткенімдей, ең бастысы, БҰҰ бас кеңсесінде болып жатқан іс-шараларды, жаңалықтарды өз еліңдегі БАҚ-қа тарату қажет болды. Мен Моңғолиядағы өзім жұмыс істеп жүрген сайтқа хабар таратып отырдым. Сұхбаттар жарияладым. Жалпы, онда өткен үш айда көп әсер алдым. Өзіме қатты ұнады. Өмірімдегі естен кетпес сәттердің бірі. Білесіз бе, мен мектепте оқып жүргенде БҰҰ-ның қызметі туралы білген соң, БҰҰ-ның еріктілер қатарында болып, Африкада жұмыс істеуді армандайтынмын. Алайда, бас кеңсесінде жұмыс істеймін деп еш ойламағанмын. «Армандар орындалады» деген осы екен. Айта кетерлігі, қор тарихында 60 жыл ішінде Моңғолияда менен басқа ешкім БҰҰ кеңсесінде тағылымдамадан өтпеген екен. Мен – БҰҰ-ның грантын жеңіп алған тұңғыш журналиспін. 

Моңғол мектебінде оқығандықтан, қазақшаға шорқақ болдым

Негізі, мен тек тағылымдама емес, жалпы БҰҰ-ның бас кеңсесінде жұмыс істеген алғашқы моңғолиялық журналиспін. Жыл сайын өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына Моңғолиядан журналистер барады. Алайда олар бір апта жаңалық таратып, елге қайта оралады. Ал онда қалып, тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, Нью-Йорк әлемдегі ең қымбат қалалар тізімінде көш бастап тұр. Онда бір журналисті келісімшартпен жұмыс істеуге шақыру үшін үй-жайын реттеп беруің керек. Қазақстан, Моңғолиядағыдай айлық тағайындай алмайсың. Ондағы өмір сүру сапасы жоғары болғандықтан, америкалықтармен тең жалақы бере алатындай әлеует болу керек. Ал мұны қайбір медиа көтереді дейсіз? Екіншіден, Моңғолия БҰҰ-да сондай үлкен рөл атқармайды. Бас кеңседе Моңғолия өкілдері қатысатын сессиялар аз. Сондықтан біз жақтан арнайы журналист жұмылдыруға аса негіз жоқ. Дегенмен қазір Моңғолияда ағылшын тілін білетін журналистер қатары көбейіп келеді. Жалпы, бұрын біз жақта көпке дейін орыс тілін ғана шет тілі деп есептеп келген ғой. Жасы бізден үлкен журналистердің көбі – Ресейде оқыған, орыс тілін жетік меңгергендер. Кейбірі онда оқымаса да, орысшаны жақсы түсінеді, бірақ сөйлей алмайды.

Жалпы, кеңес үкіметінің ықпалы зор болды ғой. Кезінде мектепте қай тілді оқимын деп басым қатып жүргенде, әкем «Дұрысы, сен орыс тілін таңда. Өскенде дәрігер боласың, сол кезде көмегі көп тиеді» деп ақыл айтқан еді. Ол уақытта «Мықты дәрігер болғың келсе, орыс тілін білуің керек» деген түсінік болған. Сөйтіп, әкемнің айтқанына құлақ асып, орыс тіліне ден қойдым. Десе де, мектепте ағылшын тілін оқытатындықтан, біраз нәрсені білетін едім. Алайда университетке оқуға түскен кезде, әлем ағылшын тілінде сөйлейтінін жете түсініп, 18 жасымда тіл үйрене бастадым. Көп уақыт бойы моңғол мектебінде оқығандықтан, моңғол тіліне басымдық бердім. Моңғол тіліндегі кітаптарды көп оқыдым, мақалаларды да моңғолша жаздым. Моңғолдардың арасында жүргендіктен, қазақ тілін жетік білдім деп айта алмаймын. Есесіне, ауызекі сөйлеу стилін жақсы меңгергенмін (күліп). Ал былайынша сөздік қорым бай деп айта алмаймын. Әдеби тілде сөйлей де, жаза да алмаймын. Ол жағына шорқақпын. Бірде Моңғолияда «Хабар» арнасының меншікті тілшісі болып жұмысқа кіруге мүмкіндік пайда болды. Әлбетте, олар қазақшасы жетік журналист іздеп жүргенін жете түсіндім. «Қазақшам жетпейді. Елдегі журналистер секілді таза сөйлей алмаймын» деген күдік мазалап, қорқып, ақырында бас тарттым. Алайда қазір қазақтар жиналған ортада іркілмей сөйлей аламын. Нью-Йоркте тағылымдамадан өткен кезде Колумбия университетінде «Болашақ» бағдарламасымен оқитын қазақ студенттермен танысқан едім. Олар мені үйлеріне шақырып, қонақ қылды. Сосын бәріміз бірге университет ішін аралап, біраз шүйіркелесіп, мәре-сәре болдық.

БҰҰ мінберіне шығып, сөйлегім келеді

2013 жылдан бері бір агенттікте жұмыс істедім. БҰҰ-ның бас кеңсесінде тағылымдама өтіп келген соң, бұрынғы жұмыс орныма келіп, жұмысымды жалғастырдым. Байқап қарасам, бір агенттіктен өзге жұмысқа қызықпаппын. Журналистердің басын қосып, шеберлік сыныбын өткізіп, БҰҰ-да алған тәжірибемді бөлістім. Басында бәрі таңғалатыны рас, сосын бір-екі рет тыңдаған соң, онша қызық болмайтын секілді көрінді. Тағылымдамаға барар кезде «Нью-Йорк – мүмкіндіктер қаласы, қайтсе де, маған бір мүмкіндік бұйырып тұрған шығар» деп ойладым. Әрі үш ай бос жүрмей, кез келген жерден мүмкіндікті іздеп табуға тырыстым. Моңғолияға қайтып барған күннің өзінде бұрынғы жұмысыма оралатын едім. Әрі мені үйде тағат таппай тосып отырған бала-шағам жоқ. Әлі тұрмыс құрмадым. Жалпақ тілмен айтсам, мені онда ұстап тұрған ешкім жоқ. Онда жүргенде БҰҰ-ның қасынан құрылған журналистер қорынан жарты ставкада жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп түскен болатын. Шетел журналистерінің арасында нетворкинг жасау мүмкіндігі шыққанда қатты қуандым. Әрі БҰҰ-ның бас кеңсесінде Моңғолия атынан жұмыс істеуге де мүмкіндік берілді. Әлем журналистері армандайтын бұл қос мүмкіндікті мүлт жіберіп алмайын деп Моңғолияға келіп, осындағы шаруаларымды реттестіріп, ақпан айында Нью-Йоркке жол жүргелі отырмын. БҰҰ-ның бас кеңсесінде Моңғолия атынан жұмыс істеймін, әрі жоғарыда айтып өткен қорда қосымша еңбек етемін. 
Байқаған болсаңыз, мен бір жерде көп отыра алмаймын. Қай жақта мүмкіндік бар, соған ұмтылуға тырысамын. Моңғолияда бір ғана агенттікте жұмыс істесем де, Премьер-министр, депутаттармен іссапарларға жиі шығатынмын. Моңғолияда көп бола бермеймін. Сондықтан да түбі біліктілігімді шыңдай түсетін басқа жерде жұмыс істейтінімді іштей сезетінмін.
Жарқын болашақта БҰҰ-ның бас ассамблеясының отырысында президенттер мен ірі саяси тұлғалар сөйлейтін мінберге шығып, дүниежүзіне үндеу жасағым келеді. БҰҰ-да адам құқына баса мән берілетіні анық, алайда мен тағылымдамадан өткен кезде лауазымы неғұрлым жоғарылаған сайын, ондағы әйелдер саны да соғұрлым азая бастайды екен. Сондықтан алдағы уақытта жай журналист қана емес, БҰҰ-да әйелдер, балалар құқын қорғайтын лауазымды қызмет атқарғым келеді. Бас кеңседе отырып, жағымды өзгерістерге жол салатын маңызды шешімдер қабылдау ісіне атсалысқым келеді. 

Біз жақта Сұңқар, Қарлығаш секілді құс атауларына қатысты есімдер көп. Алайда Көгершін деген есімді сирек естимін. Менің есімімді әжем қойса керек. Дегенмен бала күнімде өз есімім өзіме ұнамайтын. Себебі моңғолдардың арасында оқығандықтан, атымды атау оларға қиын соғатынын біліп, моңғол атыммен шақырғанды құп көретінмін. Расында, оларға Көгершін деп айту қиынға соқты. Жасырып қайтемін, кішкене күнімде моңғолдарға қазақ екенімді білдірткім келмейтін. 2013 жылы Ресейдегі университетті бітіріп келіп, жұмысқа тұрған кезде де атымды айтпайтынмын. Қанша дегенмен, моңғолдар бізге өзге ұлт өкілі ретінде қарайды. Қазақша атымды айтсам, «Сен сонда қазақпысың?» деп сұрап, басқаша қарайтын секілді көрінеді. Дегенмен олар «Моңғолша өте жақсы сөйлейді екенсің» деп таңғалатын. Сіздер Қазақстанда қалай орысша акцентсіз сөйлеп, есімдеріңізді орысшаға бейімдеп, атайтын болсаңыздар, бізде де солай. Еңбекке енді араласа бастағанда, бәріміз жасқаншақ, ұялшақ келеміз ғой. Ал қабырғамыз қатайып, буынымыз беки түскен кезде, жүрген жеріңде өз тарихыңды, ұлтыңды ұялмай айтып жүру керек екенін түсінеміз. Мұны байыбына жетіп түсінген кезде, мені моңғол атыммен атап жүрген достарыма «Маған моңғол есімім ұнамайды. Мені бұдан былай Көгершін деп айтыңдаршы» деп өтініш айттым. Мұндай түсінік 25 жастан асқанда пайда болды. Ал оған дейін «Моңғолдар менің қазақ екенімді білмесе екен» деген оймен жүрдім.

Мен моңғолша акцентсіз сөйлеймін.  Ұлтымның қазақ екенін айтпасам, көпшілік мені моңғол қызы деп ойлайды. Оған қоса, азиат болған соң, бет-әлпетіміз де олармен ұқсас. Ал қазір бәрі керісінше. Өзімді таныстырған кезде толық аты-жөнімді айтамын. Ұлтымды бірден тауып, «Сен қазақсың ба?» деп сұрағандарға «Иә, мен – қазақпын» деп жауап беремін. Мұны айтқан соң бойымды мақтаныш билейді. Ерекше күй кешемін. Қазір өз атымды айрықша жақсы көремін. Мені сырттан танитындар моңғол атыммен шақырса, «Кешірерсіздер, менің азан шақырып қойған атым – Көгершін» деп түзетемін. Бұрынырақта өз есімімді, өз ұлтымды мақтан тұтудың нендей ғажап сезім екенін шалалықпен, балалықпен жете түсінбеген шығармын. Ал қазір бәрі өзгеше. Айтпақшы, Көгершін деген есім Қазақстанда да сирек кездеседі екен ғой, иә? Өткен жазда Қазақстан Сыртқы Істер министрлігі өкілдерінің шақыруымен Астанада өткен халықаралық форумға қатысқан едім. Сол кезде министрлік өкілдерімен танысқанымда «Есіміңіз ерекше екен» деп таңғалысын жасырмады. Соны бағамдап, «Сонда бұл ерекше әрі қазақи есімді Қазақстанда да сирек қоя ма?» деп таңғалдым. 

Дейтұрғанмен мен қанша жерден қазақ болсам да, Моңғолия елінің азаматы болғандықтан, бәрібір Америкадағы көпшілік мені моңғол журналисі деп қабылдайды. Алайда онда барғанда да «Мен Моңғолияда туып-өскенмін, бірақ ұлтым – қазақ. Моңғолдарға қарағанда, тіліміз, дініміз басқа» деп түсіндіре жөнелемін. Сөйтсем де, мені моңғол деп қабылдайды (күліп). Дегенмен мұндай мүмкіндікке Моңғолия елінің атынан ие болғандықтан, елдегілердің үмітін ақтап, адал еңбек еткім келеді. БҰҰ-да жұмыс істейтін тұңғыш моңғолиялық журналист ретінде екі елдің арасында алтын көпір болуды көздеймін. Одан бөлек, жоғарыда айтып өткен биік мақсаттарыма қол жеткізіп, «Мынау өзіміздің Көгершін ғой!» деп мені танитындар мақтан тұтатындай, өзгелерге үлгі болатындай жұмыс істегім келеді. Нью-Йоркке осындай асқақ армандардың жетегінде кетіп барамын.

Жазып алған 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Дереккөз: turkystan.kz

БҰҰ-ның бас кеңсесінен шақырту алған моңғолиялық Көгершін