Айшолпан Нұрғайып: Мен туралы фильм еліміздің кинотеатрларында көрсетілсе деген арманым бар

08 Ақпан 2024

Моңғолияда туып, әлемге танылған бүркітші қыз – қазақ елінің мақтанышы. Айшолпан Нұрғайыпқызы 13 жасында бүркітшілер жарысында жеңімпаз атанды. Ол жайында ағылшынның «Daily Mail» басылымы да жазды. Ал америкалық режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» атты деректі фильм түсірді. Таяуда оның тағы бір арманы орындалып, ата-анасы атамекенге көшіп келді. Elorda.info тілшісі құсбегімен оған танымалдық әкелген өнері мен алға қойған мақсаттары туралы сұхбаттасты. 

-Айшолпан, екі апта бұрын ата-анаңыз Қазақстанға көшіп келді. Ал өзіңіздің атамекенге сәл бұрынырақ келгеніңізді білеміз. Тарихи Отанға оралуға не себеп болғанын айтып берсеңіз...

Білуімше, үш атамнан бері қарай бабаларым Қытайда тұрған екен. Одан соң Қазақстанға көшіп келген. Ал елде ашаршылық басталған жылдары жан-жаққа қоныс аударған. Сондай балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда аталарым Моңғолияға барып тұрақтап қалған екен. Міне, маған тарихи Отаныма оралу бұйырыпты. Бұған дейін әлемнің 30 мемлекетінде болсам да, Қазақстанды ең алғаш 2018 жылы көрдім. Бұған себепші болған - Ұлттық арнаның тілшісі Ғабит Бөкенбай. Мен туралы сюжет түсіруге әдейі арнап Моңғолияға келген журналиске Қазақстанға келу арманым екенін айтқанмын. Ол сол арманымның жүзеге асуына атсалысты. Содан кейін 2019 жылы Қазақстанға келгенімде мен күтпеген тосын сый болды. Маған Білім-Инновация халықаралық мектебіне оқуға грант ұсынылды. Мен осы мектепте 1,5 жыл білім алдым.      

- Әлбетте, туып-өскен жерден қоныс аудару - оңай емес. Дегенмен атамекенге оралғанда ерекше әсерде болған шығарсыз... 

Қазақстанға келгенде қуанышты әсерде болдым. Алғаш рет Астананы көрдім. Рас, тіл жағынан біраз қиналдым, себебі біздің жақта қазақша және моңғолша сөйлесек, мұнда қазақша және орысша сөйлейді екен. Мен Қазақстанда халық таза қазақша сөйлейді деп ойладым. Содан біртіндеп-біртіндеп тіл үйрене бастадым. Қазіргі таңда қазақ тілі, моңғол тілі, түрік тілі және ағылшын тілінде сөйлеймін. Енді орыс тілін үйренуді бастадым. Сөйтіп, бұл мен игерген бесінші тіл болмақ.    

Қазір мен Алматы қаласында Сүлеймен Демирел университетінде 4-курста қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқып жатырмын. Болашақта осы мамандықпен жұмыс жасап, магистратурада оқығым келеді. 

-Ата-анаңыз қай қалаға қоныстанды? 

Ата-анам Өскеменде тұрады. Тау-тастың арасында, тыныш ауылда туып-өскендіктен, таңдауымыз осы өңірге түсті. Менің, бауырларымның болашағы үшін кіндік қаны тамған жерлерін қиып, біраз жасқа келгенде атамекенге көшіп келген ата-анама ризашылығым шексіз. Сонымен қатар бізге қолдау көрсеткен жандарға алғысымды айтамын. Болашақта құс өсіріп, шәкірт баулуға өте қолайлы осы өлкеде мектеп ашу да ойымызда бар. 

-Бәрекелді! Бала күніңізден бүркіт баулып өсіргесін, көк қыранының түрін де, тілін де білетін боларсыз... 

Бүркітті түрлеріне қарай ана құс, балапан, тірнек, тастүлек деп атаймыз. Бүркітті баптаған кезде баланы қалай тәрбиелейсіз, солай еркелетесіз. Бұлар тіл білмесе де, өте сезімтал. Мен бір-екі айдан соң келіп, ешбір дауысымды шығармай маңдарына жақындасам, аяғымды басқанымнан-ақ мені танып, дыбыс шығара бастайды. Бүркіт маған шыдамдылықты, сабырлылықты үйретті. Біз көбіне ана бүркітті ұстаймыз, себебі ол еркек бүркітке қарағанда төзімді келеді. Алғыр құс 4 айда бір жасқа толады, адамның жасымен есептегенде 60-70 жасайды. Бүркітті көп ұстамаймыз, 5 жылдан кейін табиғатқа жібереміз, өйткені оның балапандайтын жасы келеді.  

Ал аңға қыркүйектен ақпан айына дейін ғана шығарамыз. Себебі бүркіт наурыз айында түлейді. Қыран құс тұзы бар ет жемейді, жесе, өліп қалады. Сол үшін шикі ет жейді. Жаз мезгілінде суыр, қоян, тағы басқа аңдарды атып әкеп береміз. Жалпы, бүркіт жемін өзі табады. Аңға түскенде құс етін алса, біз терісін сыпырып аламыз. Терісінен анам ішік, тымақ , шалбар тігіп береді.  

- Әдетте бүркітті ер жігіттер серік етеді ғой. Қыз балалардың арасынан суырылып шығып, қалайша бүркітші болдыңыз? 

Жалпы бүркітшілікке келетін болсам, мен 7 атамнан бері бүркітшімін. Құсбегілік өнермен менен бұрын ағам айналысты. Кішкентайымнан көріп өскенім бүркіт болғандықтан, қыранға қатты қызықтым. Бүркітке осыншама қызығушылығымды көрген ата-анам маған зор қолдау көрсетті. 6 жасымнан бастап атқа мінсем, 8 жасымнан бастап бүркітті қолыма қондырдым. Соның арқасында бүркітші болдым. Әлемге танылдым.   

Ең алғаш бүркітші болып таныла бастағанда көп кісі өнеріме қарсылық танытты. «Қыз бала үйде отыру керек, шай қайнату керек» дегендей. Бірақ мен өз мақсат-мұратыма жету үшін 18 метр қиядағы бүркіттің балапанын алып, баптап, тәрбиеледім. Алғаш рет бүркітшілер сайысына қатысып, рекорд жаңарттым. Яғни, бүркіт 6 секунда шақыруға келіп, 5 секундта қолыма қонды. Сол кезде көп кісі қыз бала ғой деп өнерімді мойындамады. Алайда әлемдегі ең суық өңір – Моңғолияда қыста тау-таста жүріп, түлкі ұстап, нағыз бүркітші қыз екенімді дәлелдедім. Қазір көбі қолдайды, батасын береді. Мен бүркітші қыз Айшолпан боп танылғаннан соң 2 жылдан кейін 15 бүркітші қыз шықты.  

-Қазір бүркітшілер сайысына қатысасыз ба? 

Елімізде жыл сайын бүркітшілер сайысы ұйымдастырылады. Астанада, Қарағандыда, Көкшетауда, Өскемен қалаларында өткен сайыстарды көрдім. Мен елімізде салт-дәстүріміздің трендке айналып жатқанына қуаныштымын. Өйткені ашаршылық кезде құмай тазысы мен қыран құсы барлар көп адамды аштықтан аман қалып қалғанын тарихтан білеміз. Сондықтан жеті қазынаның бірі саналатын қыран құс, құсбегілік өнерге көп көңіл бөлінгені орынды-ақ. Дегенмен соңғы кезде сайысқа қатысушы ретінде емес, сарапшы, құрметті қонақ ретінде қатысып тұрамын. Қай-қайсысы да жоғары дәрежеде өтеді. 

-Ал әлемге бүркітші болып қалай танылдыңыз? 

Бірде Моңғолияға бүркітшілер сайысына израильдік фотограф Ашер Свиденски келген. Ол ылғи ер бүркітшілерді ғана көріп, неге әйелдер де бүркіт ұстамайтынын зерттеген. Тілшілердің бірі оған «Алтанцөгцте Нұрғайыптың қызы бүркіт баптайды» деп айтыпты. Фотограф ауылға келіп, мені тауда суретке түсірді. Сол кісінің арқасында әлемге танылдым. Суретті көрген америкалық режиссер Отта Белл де мені іздеп келіп, деректі фильм түсірді. Фильмде әкенің қызға берген тәлім-тәрбиесі, қазақтың салт-дәстүрі, көшпенді өмірі көрініс тапты. Кино картина әлемнің 30 мемлекетінде көрсетілді. Өкінішке қарай Қазақстанда әлі көрсетілмеді. Мен туралы фильмді еліміздің кинотеатрларында да көрсетсе деген арманым бар. Америкада да менің өнерім жайлы ағылшын тілінде кітап жазылды. Оны да қазақ, моңғол тілдеріне аудару - алдағы күндердің еншісінде.  

- Тағы қандай арманыңыз бар? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз... 

Қазіргі таңда білім алып жатқандықтан, бірінші орынға білімді қоямын. Өз мамандығым бойынша қызмет еткім келеді. Сонымен қатар, бүркітшілік өнерге, басқа да ұлттық спорт түрлеріне, ісмерлікке баулитын мектеп ашу жоспарымда бар. Қазақстанда салт-дәстүрімізді одан әрі жаңғыртып, сол арқылы туризмді дамыту да  – алдағы ең үлкен мақсат-мұраттарымның бірі.  

-Сұхбатыңызға көп рахмет! 

Cұхбаттасқан: Салтанат Мұратқызы

Дереккөз: elorda.info

Айшолпан Нұрғайып: Мен туралы фильм еліміздің кинотеатрларында көрсетілсе деген арманым бар